Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының "Құлан агротехникалық жоғары колледжі" КМҚК
Ресми интернет-ресурс

Колледж тарихы

Құлан агротехникалық жоғары колледжі

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармысының Құлан агротехникалық жоғары колледжі Қазақстандағы ең алғашқы білім ордасының бірі.
Орынбор қаласында өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумды ашу мәселесі Қазақ АССР-ның Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының 1923 жылғы 18 шілдедегі отырысында қаралып, сол жерде техникумды ашу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Сол шешімнің негізінде 1923 жылдың
3-ші тамызында Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Орынбор қаласында Өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумы ашылды. Техникумда алғашқыда ветеринарлық және зоотехникалық бөлімдері болды, кейін жерқатынастары бөлімі ашылды.
1926 жылғы 24 маусымдағы Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесі отырысының шешімімен техникум Орынбор қаласынан Алматы қаласына көшіріліп, 1926-1929 жылдар аралығында Алматы ветеринарлық жерқатынастары техникумы болып аталды. 1930 жылы техникум Алматы қаласынан Әулиеата (Жамбыл) қаласына ауыстырылып, Әулиеата ветеринарлық-зоотехникалық техникумы деп атала бастады. Осы кезде техникумда қызмет еткен О.О.Жук, Ф.Ф.Томан, А.Т.Ралдугин, К.Просин, Г.З.Цой, У.Ступникова, И.А.Соколов, И.Ю.Селейко, Ф.А.Снисаренко, Т.Гольдман, т.б. оқытушылар мамандар даярлауда белсенді жұмыс атқарды.

1932 жылы техникум Әулиеата қаласының маңындағы 5 шақырымда орналасқан № 49 Жылқы зауытының орталығы Седовка ауылына көшіріліп, Әулиеата жылқы техникумы болып атауын өзгертті. Седовка ауылында оқу бөлмелерінің және жатақхана тапшылығынан техникум 1935 жылы Әулиеатаға қайта көшіріліп жалданған ғимаратта орналасты. 1938 жылы техникумда түйе шаруашылығы мамандығының ашылуына байланысты 1941 жылға дейін техникум Зоотехникум деп аталып жүрді. 1941 жылы техникумда ветеринарлық бөлім құрылып, осыдан бері Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы (ЖЗВТ) деп атала бастады. Техникумның Жамбыл қаласының маңында ірі оқу шаруашылығы болды. Оқуды практикалық істермен тығыз байланыста жүргізу мақсатында, техникумның өндірістік базасы ұлғайтылды. Техникумның оқу шаруашылығына сол замандағы алдынғы қатарлы егіншілік технологиясы, ауыспалы егіс жүйесі енгізіліп, ол тәжірибе облыс көлемінде таратылды. Техникум жанында егіншілік жүйесі кеңейтілді, жеміс ағаштары отырғызылды. Сонымен қатар мал басы көбейтіліп, 92 бас ірі қара мен 50 бас бұзауға, 100 шошқаға арналған қора-жай салынды. Студенттер барлық тәжірибелі жұмыстарды техникумның оқу шаруашылығында жүргізді. Оқу шаруашылығы егіншілікке қажетті техника мен құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілді.

 Рисунок1

                                                                                                                Техникумның Жамбыл қаласындағы ғимараты

                                                                                                                                         ( ХХ ғ. 30-40 ж.ж. )

ХХ ғасырдың 50-шы жылдарының басында Жамбыл қаласында техникумның жаңа оқу корпусының құрылысы басталды. 1958 жылдың қазан айында техникум жаңа ғимаратқа көшті (кейін ол ғимарат Жамбылда құрылған гидромелиоративтік-құрылыстық институтына берілді).

 Рисунок2

                                                                                                               Техникумның Жамбыл қаласындағы ғимараты,

                                                                                                                                            1958 жыл

1961 жылы Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің № 277 Бұйрығына сәйкес техникум Талас ауданының Ақкөл ауылына қоныс аударды. Ақкөлде техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының болмауына байланысты оқушылар оқу тәжірибесін Жамбыл қаласының ет комбинатында, ПОШ фабрикасында, сүт зауытында және басқа да шаруашылықтарда өтетін болды. Сонымен қатар оқушыларды тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмау мәселесі де орын тапты.
1963 жылы 23 сәуірде Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің № 93 Бұйрығымен техникум Ақкөлден Луговой ауылына (қазіргі Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы) көшірілді. Осыдан бері техникум өзінің тұрақты мекеніне ие болды.

 Рисунок3

                                                                                             Техникумды Луговой ауылына орналастыру туралы қаулы, 1962 жыл

1963 жылы Луговой ауданының таралуына байланысты Луговой аулында біраз әкімшілік ғимараттар мен пәтерлер босатылды. Олар техникумның қарамағына беріліп, білім беру орны оқу корпустарымен, оқушылар жатақханамен, оқытушылар пәтерлермен қамтамасыз етілді.
Луговой селосының маңында, Шөңгер аймағынан, алғашқы кезде 360 га жер бөлініп, техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының негізі қаланды. Онда әкімшілік және шаруашылық нысандары, үй құрылысы, мал-қоралары салынды. Техникум сапалы кадрлармен жасақталып, оқу-өндірістік шаруа-шылығы дамып, жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығайды.

1965 жылы техникумда бухгалтерлік бөлімі ашылып, «Ауылшаруашылығы өндірісін жоспарлау», «Ауылшаруашылығы өндірісінің бухгалтері» мамандықтары бойынша оқушылар қабылданды.

22

                                                                                        Техникумды Луговой ауылына орналастыру туралы қаулы, 1962 жыл

1970 жылы 650 орындық жаңа типтік оқу корпусы пайдалануға берілді. Оқу ғимаратында 19 оқу бөлмесі, 18 зертхана, кітапхана, оқу, мәжіліс, спорт залдары және тир орналасты. 1973 жылы 632 орындық жатақхана, 110 орындық асхана салынып пайдалануға берілді. Оқу үрдісі «Львов-2» автоматтандырылған класс, «КИСИ-4» бақылау-оқыту машинасы, «Огонек» бақылау- бағдарламалық құрылғысы, «Горизонт» диапроекторы сияқты, сол кездегі алдыңғы қатарлы техникалық оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Осы жылдары техникумның күндізгі оқу бөлімінде 1200-ге жуық, сырттай оқу бөлімінде 800-ден астам оқушы білім алды.
Ауылшаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлауда техникум педагог кадрлардың кәсіби өсуіне күнделікті қамқорлық жасап отырды.

 Рисунок5

                                                                                                                 Техникумның жатақханасы, 1973 жыл

Сондықтан, оқытушылар өндірістен қол үзбей Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік және К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академияларындағы педагогикалық факультеттерде, сонымен қатар Ленинград, Киев, Новосибирск, Харьков, Алматы қалаларындағы ауылшаруашылық жоғарғы оқу орындарында педагогтық білімдерін көтерді.
Техникум ұстаздары Оңтүстік өңірлік ауылшаруашылғы техникумдарының семинар-кеңестері жұмысына үнемі белсене қатысып отырды. Осындай семинар-кеңестер Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумның базасында да бірнеше рет ұйымдастырылды.
Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болғандықтан, 1985 жылы малдәрігерлігі мамандығының тәжірибелік алаңын кеңейту мақсатында 100 орынға арналған типтік малдәрігерлік клиника салынып пайдалануға берілді.
Техникумда жастар тәрбиесіне, саясатына ерекше көңіл бөлінді. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40-жылдығына орай оқу орнында ашылған Жауынгерлік даңқы мұражайы жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде зор ықпалын тигізді.

Жазғы демалыс айларында техникумның студенттік құрылыс отрядтары (ССО) еліміздің көптеген шаруашылықтарында құрылыс жұмыстарын жүргізді.
1984 жылы техникумның «Сұлутөр» көркем өнерпаздар ансамблі Луговой ауданы делегациясы құрамында Моңғол Халық республикасындағы қазақ мәдіниетінің онкүндігіне қатысты.

Рисунок6

                                                                                           Техникумның «Сұлутөр» көркем өнерпаздар ансамблі Монғолияда

 
1991 жылы егемендігін алған тәуелсіз Қазақстандағы көптеген өзгерістер мен реформалар білім саласына да ықпалын тигізді. Еліміздегі орта кәсіби оқу орындарын қайта құру, оңтайландыру мәселесі техникумның алдында да қиындықтарды туындатты. Соған қарамастан техникумның педагогикалық ұжымы қиыншылықтарға төзеп, оқу орнының бір қалыпты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етті.

Рисунок7

                                                                                                                  Колледждің оқу-лабораториялық корпусы


1991 жылы 35 арнайы пәндер дәрісханалары мен зертханалары бар, 920 орындық техникумның жаңа типтік оқу-лабораториялық корпусы пайдалануға берілді. Заман ағысына сай колледжде «Зооветеринария», «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану», «Ауышаруашылық өнімін өндіру технологиясын ұйымдастыру», «Салық ісі», «Құқықтану», «Фермер шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу», «Әлеуметтік педагогика», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Кәсіптік оқыту», «Агрономия», «Зоотехния» сияқты жаңа мамандықтыр ашылды.
1995 жылы 12 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің
№ 311 бұйрығына сәйкес Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы «Құлан ауылшаруашылығы колледжі» болып атауын өзгертті.
2018 жылы Жамбыл облысының әкімдігінің № 203 қаулысымен Құлан агротехникалық колледжі деп атауын өзгертсе, 2020 жылы жоғары колледж статусына ие болып «Құлан агротехникалық жоғары колледжі» деп атала бастады.

Бүгінгі таңда Құлан агротехникалық жоғары колледжі өңірдің ауылшаруашылығы саласына кадрлар даярлайтын базалық колледж ретінде қалыптасқан. Оқу орнында 14 мамандық 27 біліктілік бойынша 600 жүзге жуық студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда.
Соңғы үш жылда колледжің материалдық-техникалық базасы заманауи техника және құралдармен толықтырылып қайта жаңғыртылды.
2018 жылы колледжде ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, жылыжайлар, 2019 жылы агрономиялық зертхана, сүт, ет өнімдерінің цехтары, гараж, қоралар мен интенсивті бақ іске қосылды. 2021 жылы колледждің материалдық–техникалық базасы «Жас маман» республикалық жобасы аясында «Агрономия», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша заманауи үлгідегі WorldSkills талаптарына сәйкес келетін құрылғылармен жабдықталды. Аталған мамандықтар бойынша оқу жұмыс бағдарламалары оқыту нәтижесіне негізделіп кредиттік-модульдік тәсілмен Soprano Group әзірлеген білім беру бағдарламалары негізінде жасалды.
Өңірдің ауыл шаруашылық мамандарына деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Ет және ет өнімдерінің өндірісі», «Сүт өнімдерінің өндірісі», «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы», «Балық шаруашылығы», «Ара шаруашылығы» мамандықтары жаңадан ашылды.
2019 жылдан колледжде әлеуметтік серіктестердің демеушілігімен озат және белсенді жастарға мотивациялық серпін беру, материалдық қолдау көрсету мақсатында «Атаулы шәкіртақы» жобасын енгізілді.
Оқу орнында қорытынды аттестаттауды WorldSkills стандарттары негізінде демонстрациялық емтихан форматында өткізу үрдісі қалыптасқан.
Колледж 2019 жылы институционалды және мамандандырылған аккредитттеу рәсімінен, 2022 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өтті.
Колледж студенттері WorldSkills қозғалысы аясында республикалық «WorldSkills Karaganda-2019» чемпионатында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша ІІІ орынға ие болса, «WorldSkills Aqmola-2022» чемпионатында «Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын айқындау» құзыреттілігі бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2022 жылы «Электр жабдықтары» мамандығының студенті А.Бакулин «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауының жеңімпазы атанды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша Республикалық кәсіби шеберлік конкурсы» 2021 жылдан бері колледжің базасында «Ветеринария» және «Агрономия» бағытында өткізіледі. Ветеринария бағыты бойынша 2021 жылы білім мекемесінің ветеринарлық пәндер оқытушысы Р.Сарсенбиев Бас жүлдені иеленсе, 2022 жылы оқытушы Ж.Байсақалова 1 орынды, 2023 жылы педагог А.Копбаева Бас жүлдені, 2024 жылы оқытушы Б.Тұтқышбаев 1 орын жеңімпаздары атанды. Агрономия бағыты бойынша 2022 жылы арнайы пәндер оқытушы М.Ятаев 2 орынды жеңімпазы атанса, 2023 жылы А.Болатханова, 2024 жылы А.Абишова 1 орын жеңімпаздары атанды.
Сондай ақ, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы «Педагогика» саласы бойынша Республикалық кәсіби шеберлік конкурсына 2023 жылы орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Р.Шихова қатысып «Ізденімпаз педагог» атанды.
2023 жылы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен Ұлы жазушы, ойшыл-гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, колледждің 1948 жылғы түлегі Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Шыңғыс Айтматов әлемі» атты республикалық Айтматов оқулары өткізілді.

Рисунок8


2022 жылғы "Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет" тақырыбында өткен облыстық білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясында Құлан агротехникалық жоғары колледжі облыстық "Ең үздік ауылдық колледжі" атағымен марапатталып, облыс әкімі Н. Нұржігітов оқу орнына 500 000 теңге көлеміндегі сертификатты табыстады.
2024 жылдың 24 мамырында Жамбыл облысы білім басқармасының басшы Р.Н.Садырқұловтың басшылығымен колледж делегациясы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне арнайы барып, еліміздегі аграрлық саладағы жетекші оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, қызметімен танысты. Іс сапар нәтижесінде «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ және «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» КММ арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар аталған Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Құлан агротехникалық жоғары колледжі арасында академиялық ұтқырлықты, педагогтер арасында тәжірибе мен білім алмасуды, студенттерді қолдауға бағытталған іс-шаралар қарастырылып, ынтымақтастық және өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы Шарт жасалды.

Рисунок9        Рисунок10

2024 жылдың қазан айында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры О.Мұсақұлов, арнайы пәндер оқытушылары Р.Сарсенбиев, Е.Ертаев Жамбыл облысы білім басқармасың делегациясының құрамында Беларусь мемлекетінің Республикалық кәсіптік білім беру институтының (РИПО) ұйымдастыруымен өткен “Аграрлық секторда кадрлар даярлауды жетілдіру” тақырыбында іс-шараға қатысты. Кездесу барысында РИПО ректоры В.Н Голубовскиймен ТжКБ саласындағы академиялық дербестікті тәжірибеге енгізу мүмкіндіктері қарастырылды. Іс сапар бағдарламасы аясында делегация мүшелері Беларусия мемлекетінің алдынғы қатарлы колледждердің базаларымен және оқу- тәжірибелік процесстерімен танысты. Сонымен қатар, іс сапар барысында, екі елдің кәсіптік оқу орындарының арасында халықаралық ынтымақтастықты орнату мақсатында Құлан агротехникалық жоғары колледжі мен Смилович мемлекеттік аграрлық колледжі және Ляхович аграрлық колледждері арасында халықаралық меморандумға қол қойылды.
2024 жылдың қараша айында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің педагогтері Қапланбек жоғары аграрлы-техникалық колледжінің ұйымдастыруымен өткізілген «AGROFEST Kazakhstan-2024» халықаралық көрме-форумына қатысты. Оқу орнының педагогтері агрономия және сүт өнімдерін өндіру мамандығы бойынша колледждің оқу шаруашылығында өндірілетін өнімдерін ұсынды. Іс-шара нәтижесі бойынша колледж «Үздік өнім» номинациясымен марапатталды

Рисунок11

Осы жылдар ішінде колледж 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап шығарды. Олардың арасында еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты азаматтар көптеп саналады. Атап айтқанда, «Адамзаттың Айтматовы» атанған, дүние жүзіне аты мәшһүр қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының мүшесі, зоология институтының директоры академик Н.Досжанов, малдәрігерлік ғылымдарының докторы профессор О.А.Гаврилов, Малдәрігерлік эктопаразитологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, мал дәрігерлік ғылымдарының докторы профессор С.С.Вечеркин, академик, ауылшаруашылығы ғылымының докторы М.Абдраимов, академик, психология ғылымының докторы М.Перленбетов, Қазақ ұлттық университетінің доценті Г.С.Узбекова, заң ғылымының докторы А.Тойшыбеков, Республика Парламентінің депутаттары Қ.Айтаханов, Ж.Кәрібаев, Ә.Көпбергенов, Социалистік Еңбек Ерлері Р.Сәбденов, Ә.Исмаилов, Н.Биғазиев, «Қазақ КСР қой шаруашылығы шебері», аға шопан С.Тауркулов, Қазақ ҚСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері, Қазақ КСР ауыл шаруашылығының еңбегі сіңген қызметкері, сауыншы А.Абдраимова, еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан Е.Солтыбаев, О.Акимжанов, Д.Тәжібаев, М. Ахметов, Қ.Иманалиев, К.Исмаилов, С.Махамбетов, Ә.Досаев, П.Сүлейменов, Қ.Терлікбаев, М.Иманбаев, Б.Әліпбаев, І.Бидайшиев, С. Иманалиев, А.Раймбаев, Т. Шақбаев, бүгінгі күні жас мемлекетімізді нығайтуда еңбек етіп жүргендер М.Тлепов, А.Мамырбаев, А.Ашимбекулы, МайлыбаевМ., Қ.Қартабаев, Қ.Баймашев, С.Кумисов, М.Касенов, С.Далибаев, М.Хасенов, Е.Шабеев, Е.Атабаев, С.Байсақалов, А.Тлешалиев, А.Утебаев, Н.Сулейменов, және тағы басқалары бар.

Бүгін де Құлан агротехникалық жоғары колледжі жылдар бойы берік қалыптасқан дәстүрді одан әрі жалғастыра отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі болашақ ұрпақтарын тәрбиелеуге, білікті мамандар даярлау ісіне үлес қоса бермек.