ҚЫЛМЫС ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМ
2025 жылғы 30 қазанда Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы Ж.Қ. Егембердиевтің қатысуымен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, оларға бағыт-бағдар беру, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізу, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ құқықбұзушылық пен қылмыс түрлері, олардың белгілері және жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері туралы мәлімет беру.
Кездесу барысында ювеналды полиция инспекторы студенттерге құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары, кәмелетке толмағандардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершілігі туралы түсіндіріп өтті.
Колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ұ.М. Акишева студенттерді бос уақытты тиімді пайдалануға, кешкі уақытта себепсіз сыртта жүрмеуге, тәртіпті сақтауға шақырды. Сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің ойланбай жасаған әрекеттері үшін ата-аналары жауапқа тартылатынын және айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертті.
Кездесу соңында студенттер құқық қорғау қызметкерлеріне сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Мұндай кездесулерді жиі өткізу – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға оң ықпалын тигізетіні анық.





